ҚАЛАНЫҢ КӨРІКТІ ЖЕРЛЕРІ

Михаил Архангель кафедралы соборы
Михаил Архангель соборы — Оралдағы ең көне ғимараттардың бірі, 1741 жылы тұрғызылған. Екі ғасыр бойы ол Жайық казак әскерінің басты ғибадатханасы болған. Шіркеу маңында маңызды әскери кеңестер өткізіліп, негізгі шешімдер қабылданған. Пугачев көтерілісі кезінде собор қала қорғанына айналған.
Кеңес өкіметі жылдарында шіркеуде Пугачев көтерілісінің мұражайы, кейіннен, өлкетану мұражайы жұмыс істеді. 1989 жылы ғимарат православ шіркеуіне қайтарылды. Қазіргі уақытта соборда екі аса қастерлі жәдігер сақталған – Апостол Андрей Первозванныйдың мүрдесі мен Құдай Анасының «Смоленск – Одигитрия» иконасы.
Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 68.

Покров әйелдер монастыры
ХХ ғасырдың басында Шаған өзенінің жағасында шағын ғана шіркеу бой көтеріп, Покров монастырының тарихи бастауына айналды. Революциядан кейін монастырь жабылып, жартылай қираған.
Ағаштан салынған ғимарат 1999 жылы қайта қалпына келтірілді. Алайда жергілікті тұрғындардың айтуынша, ескі шіркеу толығымен қирап, жаңа ғибадатхана өзеннің қарсы бетіне салынған.
Покров монастыры, ең алдымен, Мәскеулік Қасиетті Әулие Матронаның мүрдесі бар қабірімен танымал. Сондықтан, ғибадатханада екі тақ бар —Қасиетті Құдай Анасы мен Мәскеулік Қасиетті Әулие Матронаның қамқорлығы құрметіне арналады.
Бағбан көшесі, 28.

Емельян Пугачевтің мұражай-үйі
Мұражай ескі казак үйінде орналасқан, онда көтеріліс жетекшісі екінші әйелімен бірге тұрған. Ғимараттың жанында ескі шаруа қожалықтары сақталған, ал аула сол дәуірге сай толық қалпына келтірілген.
Мұражай үш шағын бөлмеден тұрады, әрқайсысында сол дәуірдегі тұрмыстық заттар мен жиһаздар көрсетілген. Сондай-ақ онда қару-жарақ, иконалар және кейінгі кезеңдегі суреттер де бар, олар үй иесі мен оның әйелін бейнелейді.
Стремянная көшесі, 35.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы (ГККП)
Орал қаласындағы мұражай Қазақстандағы ең көне мұражайлардың бірі, ол 1836 жылы салынған. Қазір ол бұрынғы қолөнер училищесінің ғимаратында орналасқан, ол сәулет ескерткіші ретінде мемлекет тарапынан қорғалуда.
Мұражай залдарында қола дәуірінен бастап, қазіргі тәуелсіз Қазақстанға дейінгі кезеңді қамтитын экспонаттар қойылған, сондай-ақ, этнографиялық көрмелер, өнер мен ғылым тарихына арналған экспозициялар бар. Мұражайдың қала ішінде 6 филиалы және облыс аумағында 6 бөлімшесі бар.
Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 184.

«Старый УральскЪ» мұражайы
Мұражайдың негізін қалаған — орыс тарихын бағалайтын энтузиастардың жинаған ескі экспонаттар коллекциясы. Үйінде ескі заттарды сақтап келген немесе жинаған адамдар оларды экспозицияға тапсырған.
Мұражай шағын болса да, ескі самауырындардан бастап, құнды иконаларға дейін көптеген экспонаттар сақталған. Сонымен қатар, онда кілемдер, шамдар, шам қойғыштар, суреттер, жиһаздар мен сәндік бұйымдар секілді түрлі дәуірдің тұрмыстық заттары кең көлемде ұсынылған.
Қайрат Жұмағалиев көшесі, 49.

А.С. Пушкин мұражайы
Александр Сергеевич Пушкин атындағы мұражай ерекше ғимаратта орналасқан, оның ұзындығы бір кварталды қамтиды. Қазіргі таңда үй екі бөлікке бөлінген: бір бөлігінде госпиталь, ал екінші бөлігінде мұражай кешені орналасқан. Пушкин кезінде Орал қаласына барған.
Экскурсия жетекшілерінің айтуынша, ол дәл осы қалаға келген кезде, «Капитан қызы» шығармасын жазуға қажетті негізгі материалдарды жинаған. Сондай-ақ, ғимаратта әртүрлі кезең ішінде Жуковский, II Николай, Александр II, Даль, Толстой сияқты танымал тұлғалар тұрған.
Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 168.

Мәншүк Мәметованың мұражай-үйі
Бұл мұражай тұңғыш рет Кеңес Одағының Батыры атанған қазақ қызына арналған. Ұлы Отан соғысы кезінде Мәншүк Жиенғалиевна Мәметова пулеметші болып, жауға батылдықпен қарсы тұрған.
Мәншүк Мәметова қазіргі мұражай үйінде өзінің отбасымен бірге тұрған. Ғимарат сол күйі сақталған, ал экспонаттар, фотосуреттер мен журналдар Мәншүк Мәметованың өмірін бейнелеп, оның ерліктерін баяндайды.
Сарайшық көшесі, 51.

Тұлбаев Мұхаммед-Ғарифтің Қызыл мешіті
Қызыл мешіт Орал қаласындағы татар ауданында орналасқан. Ол 1871 жылы салынған және жергілікті маңызы бар сәулет ескерткіші болып есептеледі. Ғимарат екі қабатты, минареті қысқа, қабырғалары қызыл кірпіштен салынғандықтан «Қызыл мешіт» деп аталған. Кеңес одағы кезінде мешіт толықтай жабылған. 1980 жылы ғимарат сәулет ескерткіші ретінде тіркелген. 2005–2006 жылдары мешіт қалпына келтіріліп, 2006 жылғы 28 тамызда салтанатты түрде қайта ашылған.
Татар көшесі, 29/1.

Христос Құтқарушы шіркеуі
Христос Құтқарушы шіркеуі немесе «Алтын шіркеу», 1891 жылдан 1907 жылға дейінгі кезеңде салынған. Ол Орал казактарының Ресейге қызмет етуінің 300 жылдығына арналған. Ғимараттың іргетасын қалау рәсіміне болашақ император Николай II қатысқан.
Кеңес өкіметі жылдарында шіркеуде атеизм мұражайы мен планетарий ұйымдастырылған. 1990 жылы ғимарат православ шіркеуіне қайтарылған.
Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 202.

Киров атындағы мәдениет және демалыс паркі
Киров атындағы парк — Орал қаласындағы ең көне және ірі парк. Ол XIX ғасырдың ортасында салынған, сол кезде 3500-ден астам көшет отырғызылған. 1852 жылы Столыпин осы жерде болған, ал оған Лев Толстой қонаққа келген. Бұрын парк «Әскер бағы» деп аталған, бірақ Қазан төңкерісінен кейін ұлт меншігіне өтіп, жаңа атау алған.
Қайрат Рысқұлбеков көшесі, 1